Қор жаңалықтары

Тараздағы халықаралық конференцияның қорытындысы

2026-04-25 14:00
«Цифрлық трансформация жағдайында мектептің оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Тараз қаласында өз мәресіне жетті. Қорытынды күн мазмұнды іс-шараларға толы болып, жетістіктерді айқындап, кәсіби бірлік пен ынтымақтастықтың атмосферасында өтті.

Конференция резолюциясын қабылдай отырып, қатысушылар білім беру жүйесін цифрлық трансформация жағдайында жаңғырту білім сапасын арттырудың, оқушылардың құзыреттіліктерін дамытудың және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтудың негізгі факторы екенін атап өтті. Жасанды интеллектті тиімді енгізу, STEM-білім беру, инновациялық педагогикалық технологиялар мен тәрбиенің заманауи модельдерін қолдану білім беру жүйесінің тұрақты дамуын және оның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Маңызды сәттердің бірі — «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының APEC PetroTechnic жоғары колледжімен және Жамбыл инновациялық жоғары колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюы болды. Бұл орта және кәсіптік білім беру жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды қадамға айналды.

Конференцияның жабылу салтанаты өзара ынтымақтастық пен кәсіби бірлікке негізделген, жылы әрі шабытқа толы мазмұнды ортада өтті

Салтанат аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары, «ClIL in Practice» және «Жылдың үздік директоры – 2026» байқауларының дипломдары мен сертификаттары табысталды. Сонымен қатар «Ustaz Ulytau» жобасының қатысушылары мен білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтар марапатталды.

Ерекше атап өтерлігі, Ұлытау облысының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығы «Ustaz Ulytau» жобасы аясында білім беру саласына қосқан үлесі үшін «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының қызметкерлері М.М. Хан, Р.С. Ешимова, Ш.К. Какенова, Т.В. Аренова, Г.А. Жаппасоваға алғыс хаттар табыстады.

Конференция барысында инновациялық білім беру шешімдерінің көрмесі жұмыс істеп, онда Қазақстан мектептерінде қолданылатын заманауи технологиялар мен TROYA, «Альянс-Техносервис», Canadian International School, Жамбыл облысының Білім басқармасы ұсынған цифрлық құралдар таныстырылды.

Барлық қатысушыларға қосқан үлесі мен белсенділігі үшін алғыс білдіреміз! Алда — жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер!