Қ. Сәтбаев атындағы Халықаралық олимпиадада 38 жеңімпаз топ жарды
2025-11-01 14:29
Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасынан келген 100-ге жуық үздік оқушы қатысып, барлығы 38 жүлдені сарапқа салды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломымен – 7 жеңімпаз, II дәрежелі дипломымен – 12 жүлдегер, III дәрежелі дипломымен – 19 қатысушы марапатталды.
Олимпиаданың абсолютті жеңімпазы болып Ресей Федерациясының оқушысы Игорь Устинов атанды.
Олимпиада ұйымдастыру комитетінің төрайымы Раиса Ешимова қатысушыларды құттықтап, олардың ғылымға деген қызығушылығын жоғары бағалады.
«Бұл олимпиада – жай ғана дода емес, ғылымның болашағына қосылған үлес. Бүгінгі жеңіс – ұзақ ғылыми жолдың бастауы», – деді ол.
Олимпиаданың «Ең үздік командасы номинациясы мен Канада Елшілігі тағайындаған ауыспалы кубок ұпай санынан үздік танылған Ресей Федерациясының командасына табысталды.
«Дарын» республикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов олимпиаданың әділ және ашық түрде өткенін атап өтті.
«Олимпиада теориялық және практикалық екі турда өтті. Барлық жұмыстардың сканерленген нұсқалары мен дұрыс жауаптар ресми сайтта жарияланды. Ұйымдастырушылар атынан қолдау көрсеткен Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясына алғыс білдіремін», – деді Ғ. Тұрсынов.
Биыл төрт жеңімпазға Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректорлық гранттары берілді. Сонымен қатар, барлық жүлдегерлерге «Қазақмыс» корпорациясы атынан бағалы сыйлықтар берілді.
Халықаралық олимпиаданың ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры, Ұлытау облысының білім басқармасы және «Ұлытау дарыны» өңірлік орталығы. Бас демеуші — «Қазақмыс» корпорациясы.