Қор жаңалықтары

Ұлыбританиядағы білім беру бағдарламасы аясында қатысушылар CLIL әдістемесі бойынша қарқынды оқуын жалғастыруда

2026-07-01 18:01
Қазақстанның әртүрлі қалаларынан — Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Балқаш, Жезқазған және Шу қалаларынан келген орта мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары және колледж оқытушыларының кезекті тобы CLIL әдістемесі мен инклюзивті білім беру бойынша курстан өту үшін Норвич қаласына (Ұлыбритания) келді.

Оқу қордың сенімді халықаралық серіктесі — NILE базасында өтуде. Аталған ұйыммен ынтымақтастық екінші жыл қатарынан табысты жалғасып келеді. Бірлескен жұмыс педагогтер үшін кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға, тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру тәсілдерімен танысуға жол ашады.

Сапар әлемдегі ең танымал академиялық қалалардың бірі — Кембриджге экскурсиядан басталды. Қатысушылар оның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және студенттер мен оқытушылардың бірнеше буынына шабыт сыйлайтын ерекше атмосферасымен танысты.

Алда қатысушыларды мазмұнды оқу бағдарламасы, жаңа білім, кәсіби қарым-қатынас және құнды халықаралық тәжірибе күтуде.

Қатысушыларға нәтижелі оқу, жарқын әсерлер, шабыт және алдағы кәсіби жетістіктер тілейміз!
Әрбір оқу күні интерактивті форматта ұйымдастырылып, педагогтерге заманауи оқыту тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, әрбір қатысушының белсенді қатысуына негізделген оқу үдерісін өз тәжірибесінде сезінуге мүмкіндік береді. Сабақ барысында scaffolding, pair-share, teamwork, graphic organizers, project-based learning және басқа да заманауи оқыту әдістері жүйелі түрде қолданылуда.

Аталған тәсілдер әрбір педагогтің оқу үдерісіне белсенді қатысуына, ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдерді бірлесіп іздеуге ықпал етеді. Соның нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар сабақтарға белсенді араласып, топпен жұмыс істеп, практикалық тапсырмаларды талқылап, жаңа педагогикалық құралдарды табысты меңгеруде.

Оқу бағдарламасын NILE ұйымының кеңесші-тренері, педагогтерді даярлау және білім беру бағдарламаларын әзірлеу саласында мол халықаралық тәжірибесі бар Лиза Манн жүргізуде.

Бағдарламаның нәтижелері оның жоғары тиімділігін дәлелдеуде: қатысушылар алған білімнің практикалық маңызын, оқу үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және заманауи әдістемелерді өздерінің кәсіби қызметінде бірден қолдану мүмкіндігін ерекше атап өтуде.